Нормативтік құжаттар » "Средняя школа им. М. Хамраева "
Алматы облысы білім басқармасының
Ұйғыр ауданы бойынша білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің
"М.Хамраев атындағы орта мектебі" КММ
Қабылдау бөлімі :
+7(72778) 58-5-94
Есепші бөлімі:
+7(72778) 58-5-94
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Нормативтік құжаттар
24
февраль
2020

Нормативтік құжаттар

Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 31 қазандағы
№ 604 бұйрығына
2-қосымша
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және бастауыш білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың дайындық деңгейіне және оқу мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Стандартта Заңға сәйкес терминдер мен анықтамалар қолданылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) бастауыш білім берудің базалық мазмұны – типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан білім беру ұйымдарында оқып білуге міндетті бастауыш білім беру мазмұнының құрамы, құрылымы мен көлемі;
2) бағалау – әзірленген критерийлер негізінде білім алушылардың нақты қол жеткізген оқу нәтижелерін оқудан күтілетін нәтижелермен салыстыру процесі;
3) бағалау критерийлері – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауға негіз болатын нақты өлшеуіштер;
4) білім беру процесінің мониторингі – білім беру ұйымдарындағы білім беру процесін жүзеге асырудың нәтижелері мен жай-күйіндегі өзгерістердің динамикасын жүйелі бақылау, диагностикалау, талдау, бағалау және жай-күйін болжау;
5) білім беру құндылықтары – білім беру мазмұнын айқындау үшін негіз болатын, білім алушының тұлғасын қалыптастыруда жетекші фактор болып табылатын оқу мақсаттарының жүйесін құрудағы бағдарлар;
6) білім беру қызметі – білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктерін және жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, білім беру субъектілерінің мақсатқа бағытталған, педагогикалық негізделген, дәйекті өзара іс-қимылы барысында жеке адамды оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттері шешілетін процесс;
7) білім беру саласы – мәндес оқу пәндерінің жиынтығын қамтитын бастауыш білім берудің базалық мазмұнының құраушы бөлігі;
8) жиынтық бағалау – белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан), сондай-ақ оқу бағдарламасына сәйкес бөлімдерді/ортақ тақырыптарды оқып аяқтағаннан кейін өткізілетін бағалау түрі;
9) инклюзивті білім беру – ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылардың білім алуға тең қол жеткізуі үшін жағдай жасау;
10) оқу жүктемесінің инварианттық компоненті – білім беру ұйымдарының типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан барлық білім алушылар оқып білуге міндетті оқу пәндерін айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
11) оқу жүктемесінің вариативтік компоненті – білім алушылардың білімге деген қажеттіліктеріне сәйкес білім беру ұйымы айқындайтын үлгілік оқу жоспарының құрамдас компоненті;
12) оқытудан күтілетін нәтижелер– оқыту процесі аяқталғанда білім алушының нені біліп, түсініп, көрсете алатынын сипаттайтын құзыреттіліктер жиынтығы, оның ішінде білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктері ескеріледі;
13) сабақтан тыс іс-әрекет – білім беру ұйымындағы біртұтас оқу-тәрбие процесінің құраушы бөлігі, үлгілік оқу жоспарында айқындалған оқу жүктемесінен тыс іске асырылатын білім алушылардың бос уақытын ұйымдастыру нысандарының бірі;
14) үлгілік оқу жоспары – оқу пәндерінің (сабақ) тізбесін регламенттейтін және тиісті білім беру деңгейінің оқу жүктемесінің инварианттық және вариативтік компоненттерінің көлемін айқындайтын құжат;
15) формативті бағалау – сыныпта күнделікті жұмыс барысында жүргізілетін бағалау түрі, білім алушылар үлгерімінің ағымдағы көрсеткіші болып табылады, оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты, оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және білім беру процесін жетілдіруге мүмкіндік береді;
16) элективті курс – білім алушылардың таңдауы бойынша курс, білім алушылардың білім дайындығын кеңейтуге бағытталған оқу жоспарының вариативті компонентінің құрамдас бөлігі.
3. Стандартты қолдану:
1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде көрсетілген бастауыш білім берудің мақсаттары жүйесіне қол жеткізу есебінен оқыту мен тәрбиелеудің сапасын арттыруға;
2) қазақ, орыс және шетел тілдерінде білім беру процесін ұйымдастыру үшін қажетті жағдай жасауға;
3) қолданбалы сипаттағы міндеттерді шешу үшін білім алушылардың теориялық білім негіздерін меңгеруі мен алған білімдерін қолдана білуін дамытуды көздейтін бастауыш білім берудің академиялық және практикалық бағыттылығының үйлесімділігіне;
4) білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу пәндері мазмұнының тереңдігі мен күрделілігін қамтамасыз ететін пәндік білім мен дағдыларды кезең-кезеңмен толықтырып отыруға;
5) күнделікті білім беру процесінің мазмұндық негізін айқындайтын білім берудің құндылықтары мен оқытудан күтілетін нәтижелер жүйесінің өзара байланыстылығы мен өзара шарттылығына негізделген оқыту мен тәрбиелеудің бірлігі принципін іске асыруға;
6) балалардың денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ білім алушылардың ерекше білім беру қажеттіліктері мен қосымша білім беру қызметтерін алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдайлар жасауға;
7) орта білім беру ұйымдарының типтері мен түрлерінің әртүрлілігі жағдайында бастауыш білім берудің баламалылығын қамтамасыз етуге;
8) білім беру ұйымдарындағы инновациялық практиканы қолдау мен дамытуға;
9) білім сапасын қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдарының қызметін объективті бағалауды ұйымдастыруға бағытталған.
4. Жеңіл ақыл-ой кемістігі және орташа ақыл-ой кемістігі бар білім алушыларға арналған білім беру ұйымдарындағы инварианттық компоненттің оқу пәндерінің көлемі мен мазмұны "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 болып тіркелген) бекітілген үлгілік оқу жоспарларына және "Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндердің, таңдау курстарының және факультативтердің үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 115 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8424 болып тіркелген) бекітілген үлгілік оқу бағдарламалармен айқындалады.
2-тарау. Оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, білімнің мазмұнына қойылатын талаптар
1-параграф. Оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, жаңартылған бастауыш білім беру мазмұнына қойылатын талаптар
5. Бастауыш білім беру мазмұнында:
1) қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік;
2) құрмет;
3) ынтымақтастық;
4) еңбек пен шығармашылық;
5) ашықтық;
6) өмір бойы білім алу базалық құндылықтар болып айқындалған.
6. Бастауыш білім берудің мақсаты мынадай кең ауқымды дағдылар негіздерін меңгерген білім алушы тұлғасының үйлесімді қалыптасуы мен дамуына қолайлы білім беру кеңістігін жасау болып табылады:
1) білімді функционалдықпен және шығармашылықпен қолдана білу;
2) сын тұрғысынан ойлау;
3) зерттеу жұмыстарын жүргізе білу;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана білу;
5) коммуникацияның түрлі тәсілдерін, оның ішінде тілдік дағдыларды меңгеру;
6) топпен және жеке жұмыс істеу дағдылары.
7. Бастауыш білім берудің мазмұны оқыту нәтижелеріне бағдарланады және мынадай аспектілерді ескере отырып айқындалады:
1) заманауи қоғамның динамикалық сұраныстарына сәйкес болуы;
2) сын тұрғысынан, шығармашыл және позитивті ойлауды дамыту қажеттілігі;
3) оқу пәндері мазмұнының ықпалдасуын күшейте түсудің орындылығы;
4) оқытудың, тәрбие мен дамытудың біртұтастығын қамтамасыз ету.
8. Бастауыш білім берудің мазмұны үштілді білім беру саясаты шеңберінде іске асырылады. Үштілді білім берудің мақсаты көптілді тұлғаны – кемінде үш тілді меңгерген, қызметтің алуан түрлі саласында үш тілде диалог жүргізе алатын, өз елінің мәдениетін бағалайтын, басқа елдердің мәдениетін түсінетін және сыйлайтын Қазақстанның азаматын қалыптастыруға негізделеді.
9. Үштілді білім беру іс жүзінде мынадай жолдармен іске асырылады:
1) қазақ, орыс және шетел тілдерінің халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейлік меңгерілуін қамтамасыз ету;
2) сабақтан тыс жұмысты қазақ, орыс және шетел тілдерінде ұйымдастыру.
10. "Тіл және әдебиет" білім беру саласының мазмұны оқу пәндерінің аясында жүзеге асырылады:
1) "Сауат ашу", "Қазақ тілі" қазақ тілінде оқытатын сыныптарда, "Русский язык" орыс тілінде оқытатын сыныптарда, оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда "Қазақ тілі", оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда "Русский язык", "Әдебиеттік оқу", "Шетел тілі";
2) Қазақстан аумағында жинақы тұратын этностардың тілінде оқытатын білім беру ұйымдарында "Тіл және әдебиет" білім беру саласына осы этностың "Ана тілі" оқу пәні қосымша енеді. Ұйғыр/өзбек/тәжік тілінде оқытатын білім беру ұйымдарына арналған "Ана тілі" оқу пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентіне енеді.
11. "Тіл және әдебиет" білім беру саласындағы пәндердің мазмұнында сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша дағдыларды дамытуға бағытталған коммуникативтік тәсілді қолдану көзделеді. Тілдік пәндердің мазмұны ойын және танымдық іс-әрекеттер арқылы білім алушылардың бойында тілдерді үйренуге деген қызығушылығы мен оң қатынасын дамытуға, сондай-ақ ақпарат алмасу, тілдік материал ретінде мәтінмен жұмыс істей білу, фразалар мен сөз орамдарының мәнін түсіну және оларды нақты жағдайлар кезінде қолдану үшін бастапқы коммуникативтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.
12. Қазақ тілін/орыс тілін/ана тіліноқыту тілі ретінде үйрету білім алушылардың тілдік дағдыларын дамыту, мәтіннің әртүрлі түрлерімен және типтерімен өз бетінше жұмыс істеуге машықтандыру үшін әдеби мәтіндерді пайдалануға негізделген.
13. Екінші тілді (оқыту тіліне байланысты қазақ тілі/орыс тілі) және үшінші тілді (шетел тілі) оқыту тілді деңгейлеп меңгеруге бағдарланған.
14. "Математика және информатика" білім беру саласының мазмұны "Математика", "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" оқу пәндерінде іске асырылады.
15. "Математика және информатика" білім беру саласының мазмұны білім алушыларда қоршаған болмыстың алуан түрлі объектілері мен құбылыстарын сипаттау үшін бастапқы математикалық білімді қалыптастыруға; ауызша және жазбаша есептеу алгоритмдерін игеруге; есептер шығарудың жалпы амалдарын, өлшем және есептеу дағдылары негізінде логикалық пайымдаулар түзе білу машықтарын дамытуға; ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарапайым құралдарын қолдану дағдыларын, ақпаратты іздеу, таңдау, жеткізу, объектілер мен процестерді жобалау, кестелермен, схемалармен, графикалармен және диаграммалармен жұмыс істеуде ең қарапайым әдістерді қолдану, интерпретациялау және деректерді беру машықтарын қалыптастыруға бағытталған.
16. "Жаратылыстану" білім беру саласының мазмұны "Жаратылыстану" оқу пәнінде іске асырылады.
17. "Жаратылыстану" пәнінің мазмұны "Адам – Табиғат" жүйесі шеңберіндегі ғылыми білімнің қарапайым деңгейін қамтамасыз етуі тиіс. Бұл оқу пәні білім алушылардың табиғатты тануға деген қызығушылығын, зерттеу дағдыларын дамытуға, қоршаған ортаны ғылыми тұрғыдан түсініп, көре білуді қалыптастыруға бағытталған. Пәннің мазмұны "қарапайымнан күрделіге қарай, таныстан таныс емеске қарай" принципі бойынша құрастырылған. Жанды және жансыз табиғаттың құбылыстары мен процестерінің өзара байланыстарының себебін ұғыну және түсіну, қоршаған ортаның көптүрлілігі мен күрделілігін саналы аңғару білім алушылардың ой-өрісін кеңейтеді. "Жаратылыстану" оқу пәні – білім берудің кейінгі деңгейлерінде дербес пән ретінде оқылатын "Биология", "Физика", "География", "Химия" оқу пәндерін оқып-меңгеруге жол бастайтын, сондай-ақ білімнің барлық салаларында маңызды орын алатын зерттеу дағдыларының іргетасын қалайды.
18. "Адам және қоғам" білім беру саласының мазмұны "Дүниетану", "Өзін-өзі тану" оқу пәндерінде іске асырылады.
19. "Адам және қоғам" білім беру саласы пәндерінің мазмұны "Адам –Қоғам" жүйесі шеңберінде кіріспе білімді қамтамасыз етуге бағытталған. Пәндердің мазмұны қоғамдық қатынастардың өткені мен бүгінін, олардың өзара байланысын, адамдардың отбасындағы, қоғамдағы өзара қарым-қатынастарын танып-білуге; өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруға, отбасындағы, жергілікті, өңірлік, ұлттық және жаһандық қауымдастықтағы өз орнын ұғуға; қазақстандық қоғамның құндылықтары мен жалпыадамзаттық құндылықтарды түсінуге; әр білім алушының өзінің табиғи қабілеттері мен шығармашылық әлеуетінің көзін ашуына; өз халқының және басқа да халықтардың мәдениетіне деген құрмет сезімін дамытуға, өз қылығы үшін жеке басы жауапкершілігін ұғынуына, басқа адамдардың сезімдерін түсінуге және бірге бөлісуге, адам мен қоршаған ортаға деген ізгілік қатынасын тәрбиелеуге бағытталған.
20. "Технология және өнер" білім беру саласының мазмұны "Музыка", "Көркем еңбек" және оқу пәндері арқылы беріледі.
21. "Технология және өнер" білім беру саласы пәндерінің мазмұны қоршаған ортаны біртұтас қабылдауды қалыптастыруға, оны визуалды өнер мен музыка құралдары арқылы тануға; бейнелеу өнерінің, қолөнер мен музыканың адам өміріндегі рөлі туралы алғашқы түсініктерді дамытуға, қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы өнеріне, музыкалық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, әлемдегі басқа халықтардың өнеріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге; өнердің алуан түріне адам өмірінің көрінісі ретінде адамгершілік-эстетикалық көзқарасын тәрбиелеуге, бастауыш мектеп білім алушыларының көркем және музыкалық-шығармашылық дамуына бағытталған.
22. "Дене шынықтыру" білім беру саласының мазмұны "Дене шынықтыру" оқу пәнінде жүзеге асырылады.
23. "Дене шынықтыру" пәнінің мазмұны физикалық қасиеттерді, жалпы дамыту жаттығуларын өз бетімен орындауға деген қызығушылықты дамытуға; саламатты өмір салты мәдениетін дарытуға; дене шынықтырудың адам өміріндегі рөлі туралы түсініктерді қалыптастыруға, спорт, қазақтың ұлттық спорт түрлері туралы ақпаратты өз бетімен таба білу және оны өзінің денсаулығын нығайту үшін пайдалана білу дағдыларын қалыптастыруға; оқу, ойын және жарыс қызметі жағдайында құрбы-құрдастармен қарым-қатынас жасау мәдениетінің машықтарын қалыптастыруға бағытталған.
24. 1-4-сыныптарда "Өмір қауіпсіздігінің негіздері" оқу курсын міндетті меңгеруқамтамасыз етіледі. Оқу курсының мазмұнын 1-4-сыныптарда "Дүниетану" оқу пәнінің шеңберінде: жылдық оқу жүктемесі 1-3-сыныптарда 6 сағаттан, 4-сыныпта 10 сағаттан бастауыш сынып мұғалімдері іске асырады.
25. "Жолда жүру ережелері" оқу курсының мазмұнын 1-4-сыныптарда әрбір сыныпта 6 сағаттан сынып сағаттары есебінен және сабақтан тыс уақытта сынып жетекшілері жылдық жұмыс жоспарында тақырыптары мен мерзімін көрсете отырып, іске асырады.
26. Білім беру ұйымдары білім беру қызметін алынған лицензияға сәйкес жүзеге асырады және оның қолданыста болу уақытының барлық кезеңінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы № 391 бұйрығымен(Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11716 болып тіркелген) бекітілген білім беру қызметіне қойылған біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесін сақтайды.
2-параграф. Оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып білім мазмұнына қойылатын талаптар
27. Бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң мотивациясы мен іскерлігін: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
28. Бастауыш білім беру баланың жеке тұлға ретінде адамгершілік қасиеттерінің, оның қоршаған ортаға эмоционалдық-құндылық қатынасының, оқу процесіне оң мотивациясының қалыптасуын және таным әрекетіндегі жеке қабілеттері мен іскерліктерінің дамуын қамтамасыз етеді.
29. Орта білімнің іргелілігін сақтау және орта білімнің базалық мазмұнына қойылатын мемлекеттік талаптарды орындау мақсатында инварианттық компонент жалпы сағат көлемінен бастауыш білім деңгейінде 90%-дан төмен болмайтын көлемде белгіленеді.
30. "Тіл және әдебиет" білім беру саласына енетін оқу пәндері:"Қазақ тілі"(қазақ тілінде оқытатын сыныптарда), "Орыс тілі" (орыс тілінде оқытатын сыныптарда), "Әдебиеттік оқу", "Қазақ тілі" (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда), "Орыс тілі" (оқыту орыс тілінде емес сыныптарда), "Шетел тілі".
31. Қазақстан аумағында жинақы тұратын этностардың тілінде оқытатын білім беру ұйымдарында "Тіл және әдебиет" білім беру саласына осы этностың "Ана тілі" қосымша енеді. "Ана тілі" ("Ұйғыр тілі", "Өзбек тілі, "Тәжік тілі") оқу пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентіне енеді.
32. "Математика" білім беру саласына"Математика" оқу пәніенеді.
33. "Жаратылыстану" білім беру саласына"Дүниетану" оқу пәніенеді.
34. "Адам және қоғам" білім беру саласына "Өзін-өзі тану" оқу пәні енеді.
35. "Өнер" білім беру саласына: "Музыка", "Бейнелеу өнері" оқу пәндері енеді.
36. "Технология" білім беру саласына "Еңбекке баулу" оқу пәні енеді.
37. "Дене шынықтыру" білім беру саласына "Дене шынықтыру" оқу пәні енеді.
38. "Өмір қауіпсіздігінің негіздері" оқу курсын міндетті меңгеру қамтамасыз етіледі. Оқу курсының мазмұнын "Дүниетану" оқу пәнінің шеңберінде 10 сағат көлемінде бастауыш сынып мұғалімдері іске асырады.
39. "Жолда жүру ережелері" оқу курсының мазмұнын6 сағат көлемінде сынып сағаттары есебінен және сабақтан тыс уақытта сынып жетекшілерінің жылдық жұмыс жоспарында тақырыптары мен мерзімі көрсетіле отырып іске асырылады.
3-тарау. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
1-параграф. Жаңартылған бастауыш білім беру мазмұны бойынша білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
40. Бастауыш мектептегі білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі 29 сағаттан аспайды.
41. Білім алушылардың инвариантты және вариативтік компоненттерден тұратын оқу жүктемесінің жалпы көлемі, сондай-ақ сыныптар бойынша апталық және жылдық оқу жүктемесі үлгілік оқу жоспарында белгіленеді.
42. Сыныпты екі топқа бөлу қалалық жалпы білім беретін ұйымдарда сыныптарда білім алушыларсаны 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны 20 және одан артық болғанда:
1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда қазақ тілі бойынша;
2) оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда орыс тілі бойынша;
3) шетел тілі бойынша;
4) ақпараттық-коммуникациялық технологияларбойынша;
5) өзін-өзі тану бойынша жүзеге асыруға болады.
43. Инклюзивті білім беру шеңберінде 42-тармақта көрсетілген пәндер бойынша сыныпты топтарға бөлу әрбір ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға сынып толымдылығындағы білім алушылардың жалпы санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.
2-параграф. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
44. Білім алушылардың апталық оқу жүктемесінің ең жоғары көлемісыныптағы және сыныптан тыс (дамыту сипатындағы жеке және топтық сабақтар) оқу жұмыстарының барлық түрлерін қоса алғанда, 4-сыныпта 29 сағаттан аспауы тиіс.
45. Үлгілік оқу жоспарларында пәнді меңгеруге бөлінетін оқу уақыты тиісті үлгілік және вариативтік оқу бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын әзірлеу кезінде ескеріледі.
46. Білім алушылардың инвариантты және вариативтік компоненттерден тұратын оқу пәндері бойынша оқу жүктемесінің жалпы көлемі үлгілік оқу жоспарына (бұдан әрі - ҮОЖ) сәйкес белгіленеді.
47. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлемі олардың қажеттіліктері ескеріліп, білім беру ұйымының оқу жұмыс жоспарында белгіленеді.
48. Сыныпта ерекше білім беруқажеттіліктері бар балалар болған жағдайда сыныпты топтарға бөлу осындай әр балаға барлық білім алушылар санын үшке кеміту есебінен жүзеге асырылады.
49. Білім алушылардың денсаулығын нығайту және олардың қозғалыс белсенділігін арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдарсыныптан тыс жұмыс нысанындағы спорт секцияларының сабақтарын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
50. Денсаулығына байланысты ұзақ уақыт бойы жалпы орта білім беретін ұйымда оқи алмайтын білім алушылар үйінде немесе емделу орындарында ақысыз жеке оқытумен қамтамасыз етіледі.
51. Жергілікті атқарушы органдар және жалпы білім беретін ұйымдар білім алушылардың өмір қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтау үшін:
1) салауатты өмір салтын насихаттау;
2) әлеуметтік және психологиялық қызметті күшейту;
3) ғимаратты күзетуді қамтамасыз ету;
4) жергілікті тұрғындар мен ата-аналар қауымдастығы арасында тығыз байланыс орнату;
5) білім алушылардың бейресми ортасын зерделеу;
6) алдын алу іс-шараларын (әлеуметтік сұрақ-жауап, психологиялық қолдау, құқық қорғау және медицина мекемелері қызметкерлерімен кездесулер) өткізу;
7) профилактикалық медициналық тексеруді уақытылы ұйымдастыру;
8) техника қауіпсіздігін, өрттің алдын алу ережелерін сақтау;
9) үй-жайларда жарық, ауа және жылу режимін сақтау;
10) компьютерлік техникамен жұмыс істеу тәртібін сақтау;
11) жолда жүру қауіпсіздігі ережелерін сақтауды насихаттау;
12) балаларды тасымалдауда техника қауіпсіздігін сақтау арқылы жағдай жасайды.
52. Білім беру ұйымдарында білім беру процесі ҮОЖ негізінде әзірленетін және білім беру ұйымдары дербес бекітетін, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдармен келісілетін оқу жұмыс жоспары аясында жүзеге асырылады.
53. Республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарда білім беру процесі ҮОЖ негізінде әзірленетін жұмыс оқу жоспары шеңберінде жүзеге асырылады.
4-тарау. Білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
1-параграф. Жаңартылған бастауыш білім беру мазмұны бойынша білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
54. Білім алушылардың дайындық деңгейі "Тіл және әдебиет", "Математика және информатика", "Жаратылыстану", "Адам және қоғам", "Технология және өнер", "Дене шынықтыру" сияқты бірнеше мәндес оқу пәндерін біріктіретін әрбір білім беру саласының ерекшеліктері ескеріле отырып жобаланған оқытудан күтілетін нәтижелер арқылы айқындалады.
55. "Тіл және әдебиет" білім беру саласы бойынша бастауыш білім беру аяқталғанда күтілетін нәтижелер.
Қазақ тілі/Орыс тілі/Ана тілі, Әдебиеттік оқу:
1) тыңдалым және айтылым:
білім алушы әңгімелесудің, оқылған немесе тыңдалған мәтіннің негізгі мазмұнын түсінеді және жеткізе алады; сөйлеушінің көзқарасын жеткізу жолдарын айқындайды, қорытындылар жасайды; пікірталастың тақырыбын түсінеді және сөйлеу нормасын сақтай отырып, оны талқылауға қатысады; сөйлеу барысында синонимдерді, антонимдерді, омонимдерді, тура және ауыспалы мағыналы сөздерді саналы түрде қолданады; мәнерліліктің эмоциялық-реңкті құралдарын қолдана отырып, әңгімелеу және сипаттау мәтіндерінің мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін пайдаланады; көркем шығармалардың мазмұнын баяндаудың түрлі тәсілдерін қолданады; тыңдағандарына және оқығандарына қатысты пайымдайды, өз ойымен және эмоциясымен бөліседі; логикалық дәйектілікті сақтай отырып, өз көзқарасын дәлелдейді; берілген тақырып пен коммуникативтік нұсқауға сәйкес өзара байланысқан, логикалық тұрғыдан дәйектелген дербес пікір білдіреді; тілдік қатынастың әртүрлі тәсілдерін қолдана отырып, диалогқа қатысады; оқылған, тыңдалған ақпараттың негізінде рухани-адамгершілік құндылықтар туралы түсінікті талдайды;
2) оқылым:
білім алушы халық ауыз әдебиеті мен балалар әдебиеті туындыларын оқиды, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын талдайды және іс-әрекеттеріне баға береді; көркем мәтіндерді көркем емес мәтіндерден ажыратады; көркем шығармалардың негізгі идеялары мен композициясын айқындайды; көркем туындының жанрын айқындайды, өзінің жауабына/таңдауына негіздеме береді; автордың бейнені сомдау үшін қолданған әдеби көркемдеуіш құралдарын айқындайды; жазушының өз кейіпкерлеріне қатынасы туралы қорытынды жасайды; мәтіндерді белгілі бір оқу түрлері мен стратегияларын қолдана отырып оқиды; шығармалардағы оқиғалар барысын болжайды; мәтін түрлерін (сипаттау, әңгімелеу, пайымдау) айқындайды; әңгімелерді/өлеңдерді мәнерлеп оқиды; өлеңді мәнерлеп жатқа оқиды; көркем әдебиет туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;
3) жазылым:
білім алушы тиісті сөздерді негізді түрде іріктей отырып, әртүрлі типте, жанр мен стильде өз мәтіндерін құрастырып жазады; меңгерген грамматикалық, пунктуациялық және орфографиялық нормаларға сай жазады; жеткізудің түрлі тәсілдерін (суреттер, сызбалар, кескіндер, кестелер) қолдана отырып, мәтіндер жазады; жазудың гигиеналық және каллиграфиялық дағдыларын сақтайды; Қазақстан халқының мәдениетіне, салт-дәстүріне байланысты тақырыптарға өзінің жеке көзқарасын білдіре отырып, шағын мәтіндер құрастырады.
Қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда,)/Орыс тілі (оқыту орыс тілінде жүргізілмейтінсыныптарда):
1) тыңдалым:
білім алушылар қарым-қатынас жасаудың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени салалары үшін өзекті аудиовизуалды материалдардың мазмұнын түсінеді; мәтіннің тақырыбын, негізгі идеясын, мәтіндегі басты және қосалқы ақпараттың мағынасын барынша толыққанды, терең және дәл түсіне алады; қарым-қатынас жасау жағдаяттарына, қарым-қатынас орнына және қарым-қатынасқа (коммуникацияға) қатысушыларға қарай сөйлеу стильдерінің қалай өзгеретінін түсінеді; түрлі пікірлерді ескере отырып, оқиғаның/әңгіменің мазмұнын болжайды;
2) айтылым:
білім алушы алдын ала дайындалған жазбалар мен жоспарды пайдалана отырып, әңгіменің, оқиғаның мазмұнын жеткізеді; оқығаны, естігені жөнінде сұрақтар құрастырады және көзқарасын білдіреді; ұсынылған тақырып пен белгіленген коммуникативтік тапсырма бойынша өзара байланысқан, логикалық жүйеге құрылған хабарламаны құрастырады; қарым-қатынастың әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-мәдени саласында түрлі тілдік жағдаяттарға сай өзінің коммуникативтік ниетін білдіре отырып, диалогқа қатысады;
3) оқылым:
білім алушы оқу түрлері мен стратегияларын пайдалана отырып, мәтіндерді оқиды; таныс емес сөздері бар мәтіннен негізгі ақпаратты, автордың тұжырымы мен бағасын түсінеді; көркем және көркем емес мәтіндерді ажыратып таниды; алуан түрлі дереккөздерден қажетті ақпаратты табады; идеяны, оқиғаларды және кейіпкерлер іс-әрекеттерінің себептерін түсінетінін көрсетеді; сөздіктер мен анықтамалықтарды пайдаланып, таныс емес сөздер мен фразалардың мағынасын анықтайды; қазақ және әлем әдебиетінің көркем туындыларындағы адамзаттың ортақ құндылықтарын айқындайды;
4) жазылым:
білім алушы тыңдалған мәтіннің, оқылған ақпараттың және көрген оқиғаның (тақырыптар, жекелеген деректер, пікірлер) қысқаша жазбаларын жасайды; орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық нормаларды ескере отырып, баяндау (баяндаусыз) сипатындағы мәтіндерді құрастыру үшін тиісті лексикалық бірліктерді пайдаланады.
Шетел тілі:
1) тыңдалым:
білім алушы таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелесулердің негізгі мазмұнын түсінеді, таныс сөздер мен фразалардың айтылуын ажырата алады; түстер мен сандар туралы қысқа сұрақтарды түсінеді; таныс тақырыптар бойынша қысқа әңгімелердің мазмұны мен мәнін болжау үшін мәнмәтіндік тірек сөздерді пайдаланады; баяу және айқын дыбысталып айтылған шағын әңгімелердің жалпы мәнін түсінеді;
2) айтылым:
білім алушы өзі туралы тіркестер мен сөйлемдер құрастырады, сұрақтар құрастырады; сұрақтарға жауап береді; заттар мен оқиғаларды сипаттағанда негізгі сөздер мен фразаларды дұрыс интонациямен және екпінмен айтады; өзіне не ұнайтынын және не ұнамайтынын айтады;
3) оқылым:
білім алушы қарапайым иллюстрацияланған сөздікті пайдаланады; тұрмыстық-әлеуметтік тақырыптағы көлемі шағын көркем және көркем емес мәтіндерді түсінеді; қысқа мәтіндердің негізгі ойын айқындайды; қысқа мәтіндерден нақты және детальді ақпаратты айқындайды;
4) жазылым:
білім алушы жиі қолданылатын сөздердің жазылуы мен айтылуы арасындағы айырмашылықты білетіндігін көрсете отырып, дұрыс жазады; дауыстап оқығанда жай сөйлемдерді жаза алады; сөйлем соңында тыныс белгілерін дұрыс қояды.
56. "Математика және информатика" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.
Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:
1) "цифр", "сан", "координаталық сәуле", "санның үлесі", "жай бөлшек", "аралас сан", "санды өрнек", "әріпті өрнек", "теңдік", "теңсіздік", "бұрыштың градустық өлшемі", "пайыз", "жиын", "симметрия", "ақпарат", "объект", "файл", "папка", "затбелгі", "модель", "компьютер желісі", "Интернет" ұғымдарының мәнін; ондық санау жүйесіндегі разряд бірліктерінің мәндерін; жазық және кеңістік геометриялық фигураларының түрлерін және олардың элементтерін; шаршы және тік төртбұрыш периметрі мен ауданын есептеу формулаларын, бірдей дәрежелі бөлшектерді қосу және азайту принциптерін; операциялық жүйе объектілерінің қызметін; ақпаратты ұсыну түрлері мен өлшем бірліктерін; компьютердің негізгі құрылғыларын, енгізу мен шығару құрылғыларын; қолданбалы, сервистік бағдарламалардың және операциялық жүйенің мақсатын, компьютерде жұмыс істеген кезде қауіпсіздік техникасы принциптерін біледі;
2) натурал сандарға, шамаларға және олардың арасындағы байланысқа қатысты арифметикалық амалдардың мәні мен ретін; шамалар арасындағы қарапайым өзара тәуелділікті; жиындардың "қиылысуы" мен "бірігуіне" қатысты операциялардың мағынасын; пайызды бөлшек санмен өрнектеуді, бөлшек сандарды пайызбен өрнектеуді; тұрақты және айнымалы шамалар арасындағы айырмашылықтарды; компьютердің негізгі бөліктерінің қолданылуы, құрылымдарының, операциялық жүйе интерфейсі элементтерінің кіру және шығу құрылғысы; компьютерлік техниканың адам денсаулығына тигізетін әсері; ақпаратты және құрылымдарды зиян келтіретін бағдарламалардан қорғаудың маңыздылығы; ақпараттың авторларға сілтеме жасалған ілеспе қажеттілігін түсінеді;
3) өрнектер жазу үшін, санды өрнектерді түрлендіру үшін, есептер шығару үшін математикалық символдарды, арифметикалық амалдар мен қасиеттерді; натурал сандар мен арифметикалық амалдарды ауызша және жазбаша есептеу амалдарын; шамалардың стандартты және стандартты емес өлшем бірліктерін (ұзындық, аудан, көлем, масса, уақыт); шамаларды өлшеу құралдарын; есеп шарттарын жазудың математикалық тілі мен графикалық модельдерін; теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу алгоритмдерін; периметр мен ауданды есептеу формулаларын (шаршының, тік төртбұрыштың, тікбұрышты үшбұрыштың); жиын элементтері арасындағы қатынастарды көрсету үшін Эйлер-Венн диаграммаларын; санның бөлігін және оның бөлігі бойынша санды табу білігін; ақпаратты жинауға, сақтауға, өңдеуге және жеткізуге арналған ақпараттық-коммуникациялық құралдарды; ақпараттың алуан түрлерімен жұмыс істеуге, модельдер құруға арналған қолданбалы бағдарламаларды; алға қойылған міндеттерді шешу үшін интернет қызметін; компьютерде жұмыс істеу принциптерін қолданады;
4) ауызша және жазбаша санаудың рационалды тәсілдерін; геометриялық фигуралардың ерекшеліктерін; сандық өрнектер мен айнымалысы бар өрнектердің мәндерін салыстыру нәтижесін; әртүрлі шамалар арасындағы тәуелділіктер (сан, баға, құн, жылдамдық, уақыт, арақашықтық, еңбек (жұмыс) өнімділігі, жұмыс ұзақтығы, жұмыс көлемі); заңдылықтарды және тізбектің жетіспейтін элементтерін табуды; күрделі емес комбинаторикалық және логикалық есептерді; есеп шартының сызба, кесте түрлеріндегі жазбасын; санаумен, өлшеумен байланысты деректер мен нәтижелерді; қолданбалы бағдарламалардың мүмкіндіктерін; желіде этикалық және құқықтық нормалардың бұзылу салдарын; мәлімделген талаптарға сәйкес іріктеп, түрлі дереккөздерден алынған ақпаратты талдайды;
5) заттарды олардың белгілері мен кеңістіктегі орналасуына қарай сыныптауышын; шамалар арасындағы тәуелділіктің математикалық моделін; шынайы әлемнің нақты нысандары мен процестерінің бейнелер мен сызбалар түріндегі ең қарапайым модельдерін; ұсынылған мәліметтер немесе математикалық модельдер бойынша есеп құрастырады және оған кері есеп құрайды; берілген заңдылықтар бойынша тізбек құрастырады; практикалық міндеттерді шешу үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданып, объектілер мен жағдаяттардың модельдерін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің мүмкіндіктері туралы білімдерін түрлі міндеттерді шешу үшін жинақтайды;
6) өлшем нәтижелерін; сандар, шамалар, геометриялық фигуралар туралы қарапайым тұжырымдардың ақиқаттылығын немесе жалғандығын; графика, кесте, диаграмма түрінде берілген деректерді; модельдің берілген критерийлерге сәйкестігін; қолданбалы бағдарламалар мен желілік қызметтердің түрлі міндеттерді шешуде пайдалану мүмкіндіктерін бағалайды.
57. "Жаратылыстану" білім беру саласы бойынша оқытудың күтілетін нәтижелері.
Бастауыш білім беру аяқталғанда білім алушы:
1) Күн жүйесінің ғаламшарларын және олардың ерекшеліктерін; Жер мен оның табиғаты туралы, Ғалам туралы негізгі жаратылыстану түсініктерін; ғылыми таным әдістерін: бақылау, эксперимент, тәжірибе; зерттеуді жоспарлау мен жүргізу барысындағы қауіпсіздік техникасы негіздерін; апатты табиғи құбылыстар кезінде әрекет жасау принциптерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың өмірлік циклдерін; адамның, өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың негізгі органдарының құрылымы мен орналасу ерекшеліктерін және олардың функцияларын; өсімдіктердің, жануарлар мен саңырауқұлақтардың жіктелуін; фотосинтез процесінің негіздерін; жарықтың кейбір қасиеттерін; кейбір физикалық күштерді және олардың пайда болу себептерін; қуаттың кейбір түрлерін; Жер бетінде кеңінен таралған заттектердің құрамы мен қасиеттерін; түрлі денелердің қасиеттерін және олар қолданатын кейбір салаларды; пайдалы қазбалардың негізгі түрлерін және олардың маңызын, Қазақстан Республикасындағы пайдалы қазбалардың негізгі кеніштерін біледі;
2) қоршаған ортаға қамқорлықпен қараудың және Жердегі биоалуантүрлілікті сақтаудың маңыздылығын; жеке бас гигиенасын сақтаудың қажеттілігін; ағзаның қорғану функцияларын; табиғат компоненттерінің тірі ағзалар үшін маңызын; қоршаған ортаға енудің құралы ретіндегі ағзалар ерекшеліктерін; омыртқалы және омыртқасыз жан-жануарлардың қарапайым айырмашылықтарын; табиғат ресурстарын ұтымды пайдаланудың қажеттілігін түсінеді;
3) табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды зерделеу үшін кейбір зерттеу әдістерін; табиғи объектілерді, құбылыстар мен процестерді өлшеудің стандартты және стандартты емес бірліктерін; табиғи объектілерді, процестер мен құбылыстарды өлшеудің қарапайым құралдарын; жүргізген зерттеулерді түсіндіруге қажет тиісті ғылыми терминологияны; өзі тұрып жатқан жердегі өсімдіктер мен жан-жануарларды жіктеу үшін олардың қарапайым белгілері туралы білімді қолданады;
4) табиғат компоненттері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды; материалдарды қолдану мүмкіндіктерін айқындау үшін олардың қасиеттерін; белгілі бір аумақтың жануарлар мен өсімдіктер әлемін; алуан түрлі өмір сүру орталарының ұқсастығы мен айырмашылығын; өз зерттеулеріндегі және түрлі дереккөздерден алынған матери

Похожие публикации:

22 январь 2018 Мектеп ұжымы